Шымкентте мүгедектігі бар 7 адам жұмысқа орналасты

Эльмира Байғабысова

Бүгінде елімізде жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру бойынша түрлі мемлекеттік жобалар жүзеге асып жатыр. Оның ішінде денсаулығы сыр берген жандардың жұмысқа орналасуы да назардан тыс қалған емес.

Шымкент қаласының Абай аудандық мансап орталығы 2024 жылы мүгедектігі бар 40 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Жыл басынан бері аудандық мансап орталығы «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығымен бірлесе 7 мүгедектігі бар жанды жұмысқа орналасуына ұйытқы болған.

Екі қолға бір күрек іздеген 37 жастағы Эльмира Байғабысова «TEN QOGAM» әлеуметтік орталығына келгенге дейін талай мекенің табалдырыған тоздырыпты. Әлеуметтік желіде жарияланған жұмыс орындарының көбі желілі маркетинг болып шыққанын, көңілге қонатын орын таппағанын айтады.

–Мамандығым – бағдарламашы. Бұл мамандық бойынша орта білімім бар. Міне, 15 жылдан бері денсаулығым сыр беріп, ІІІ топтағы мүгедек атанып отырмын. Бұрын түрлі мекемелерде хатшылық қызметте 6 жыл жұмыс істедім. Бұл салаға бейімделгендіктен жұмыс іздеген кезде «Хатшы керек» деген жарнаманың артында желілі маркетинг тұрғанына талай куә болдым. 2024 жылдың қаңтарында әлеуметтік қолдау орталыққа келіп, мүмкіндігіме сай жұмыс қарастырып беруге өтінім қалдырдым. Маған Абай ауданы мансап орталығының мамандары хабарласып, №11 мектепте хатшылық қызметті ұсынды. Өзім білетін сала болғандықтан еш екіленбей ұсынған жолдаманы алып, міне жұмысқа орналасқаныма апта болды, -дейді Эльмира Иманәліқызы.

Айта кетсек, «TEN QOGAM» орталығы Шымкент қаласында мүгедектігі бар әрекетке қабілетті азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді. 2023 жылы осы орталық арқылы 37 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасқан.