Шымкентте полицейлер есірткінің ірі партиясын ұстады

«Қарасора» ЖПІШ барысында қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері патрульдік полицейлермен бірлесіп есірткінің ірі партиясын тасымалдауды тоқтатты .
       Түнгі уақытта Жібек жолы көшесіндегі қаланың кіре берісінде тәртіп сақшылары Тараз – Шымкент қалалары арасында жолаушылар тасымалымен айналысатын «Opel» маркалы автокөлікті тоқтатты.
    Таксидің бүкіл салонын жалға алған әйелдің үлкен жол сөмкесін тексергенде, жедел уәкілдер есірткіге ұқсас заттары бар полипропилен пакетін тапты.
— Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар жалпы салмағы 10 келіден асатын кептірілген марихуана екені анықталды. Аталған жайт Қаратау АПБ-да «есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында тасымалдау» бабы бойынша СДТБТ-не тіркелді. Күдікті қамауға алынды. — деді тергеуші Сержан Кеңес.
Айта кетейік, аталған қылмысты жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінде 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.