Шымкентте шетелдік автокөліктерді  заңдастыру үшін хко-ға 250 адам жүгінді  

Қазақстанда бүгінен бастап шетелдік көліктерді заңдастыру жұмыстары басталды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы филиалының мәліметінше, үшінші мегаполисте шетелдік көліктерді заңдастыруға қазәрдің өзінде 250 адам өтінім берген.
Шетелдік автокөліктерді заңдастыру бойынша өтінімдерді eGov.kz порталы немесе ХКО арқылы беруге болады. ЕДБ қосымшаларында (Kaspi, HomeBank) бұл қызметті алу бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Өтінімді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қарайды. Егер сіздің жеке кабинетіңізге өтініштен бас тарту жөнінде хабарлама келген жағдайда, МХҚО-ға барудың қажеті жоқ. Бас тарту себептерін білу үшін тікелей мемлекеттік органға хабарласуыңыз керек.
Мамандар заңдастыруға рұқсат алған автокөлікті МХҚО-ның тексеру пунктіне белгіленген уақыттан 20 минут бұрын апару қажеттігін айтады. Алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж — 4 313 теңге, мемлекеттік нөмір үшін — 9 660 теңге мөлшерінде төленеді. Төлем жүргізілгеннен кейін сол күні сізге техникалық паспорт және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі.
Құзырлы органдардың мәліметі бойынша, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Шымкентте шетелдік 3 мыңға жуық автокөлік тіркелген.
Еске салсақ, бұл заңдастыруға Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктер ғана жатады.