Шымкентте шетелдік нөмірі бар 900-ге жуық автокөлік иелері жауапқа тартылды

Қала аумағында жүргізушілердің оның ішінде мемлекеттік белгілері шетелдік көлік жүргізушілерінің көлік жүргізу тәртібін жақсарту мен жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында ағымдағы жылдың 12-қазанынан бастап «Автомобиль» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Сондай-ақ жол жүрісі қағидаларын бұзу мен құқық бұзушылықты, әсіресе мемлекеттік белгілері шетелдік көліктердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Жедел-профилактикалық іс-шараның 21-күнінде көлік жүргізушілермен жасалған 14729 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, мемлекеттік белгілері шетелдік көлік жүргізушілермен жасалған 855 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 93 автокөлік арнайы автотұраққа қойылған. Атап айтқанда: ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзған – 66 (ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабы 2-бөлігі), техникалық байқаудан өтпеген – 64 (ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігі), ұялы телефон пайдаланған – 19 (ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабы), бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту – 17 (ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы) тұлғаға хаттама толтырылды. Сонымен қатар қозғалыста жаяу жүргіншіге басымдық бермеген — 5 (ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы), қауіпсіздік белдігін тақпау – 64 (ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігі), авариялық жағдай туындатқан — 3 (ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы), көлік құралын мас күйде басқарған — 2 (ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы), тиісті құжатсыз басқарған – 36 (ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 1 және 2-бөлігі), жол бетін ластаған – 122 (ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабы 1-бөлігі) жүргізуші анықталған. Өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 386 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылған.Айта кету керек, іс-шара ағымдағы жылдың 10-қарашасына дейін жалғасын табады. Осындай жедел-профилактикалық шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, алдын алуға септігін тигізеді. Тәртіп сақшылары жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі