Шымкентте «Ізетті зейнеткер» орталығы ашылды

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов пен қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Әлтеев жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесінің ашылу салтанатына қатысып, лентасын қиды. 3 қабаттан тұратын орталықта бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жадбықталған ғимаратта таза ауада дем алып, серуендеу үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда су бұрқақ, би алаңы бар және аула толық көгалдандырылған. Демалушылар бос уақыттарын осы аумақтағы «Арбат» алаңында, «Қиял әлемі» саябағында, «Shymkent plaza» ойын сауық орталығында өткізе алады. Қызмет алушылардың орталыққа келіп кетуі үшін аялдамалар қарастырылған.

Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито бар, сумен емдеу орталықтары – бассейн мен фитобочка, кітапхана, мәжіліс залы, ем-шара бөлмелері, теріні қатайтуға және арықтауға арналған заманауи 7В 1 комбайн аппараты қарастырылған.

Сондай-ақ, электрофорез, парафинмен емдеу, Гидро-Джен вакумдық гидропилинг, крио, ультрафонофрез, спрей, УЗ-скабер, электропорация және физикалық терапия да зейнеткерлердің денсаулығын жақсартуға көмектеседі. Музыка терапиясы, хореография, үстел ойындары (шашка, шахмат), караоке залы тағы да басқа мәдени сауықтыру қызметтері көрсетіледі.

Айта кетейік, қалада бүгінде зейнеткерлер саны – 88 030. Оның ішінде 3-уі ҰОС ардагері, 3-уі тыл еңбеккері – 2 050- үйде әлеуметтік қызмет алушы зейнеткерлер, 80-жастан асқан жалғыз ілікті қарттар саны — 122.

Орталықта жыл сайын 2500-ға жуық ардагерге санаториялық қызметтер көрсетілетін болады. Санитарлы-гигиеналық іс-шаралар, мәдени жұмыстар демалушылардың денсаулығына, жас ерекшеліктері мен қызығушылығына қарай жүргізіледі.

Қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, зейнет жасындағы азаматтарды шипажайларда санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету де қарастырылған. Биылдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды. Жыл басынан бері «Денсаулық» профилакториясы, «Ақсу Жабағылы» шипа жайы, Тараздағы Айша бибі, Арыс шипажайы мен Ақсу-демі және Кәусар-бұлақ шипажайларына 4 мыңға жуық адам жолдама алған.

Жалпы, биыл 5280 зейнеткерді шипажайларда оңалту шараларымен қамту жоспарланып отыр.