Шымкентте қыс мезгіліне арнайы техникалардың дайындығы тексерілді

2021 жылдың 11-12 қазан аралығында өтетін «Қыс-2021» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың қарсанында қалалық азаматтық қорғау жол қызметтері мен авариялық-құтқару қызметтері жол техникасының қыс мезгіліне дайындығы тексерілді. Арнайы техниканың дайындығы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары – қалалық жедел ден қою жасақтың командирі М.Айманбетовтің, ТЖ департаменті бастығының орынбасары полковник Ж.Кәрімбаевтің басшылығымен тексерілді. Бұл іс-шараның мақсаты – қыс мезгіліне инертті материалдарының қорын және қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда авариялық-құтқару жұмыстарына қалалық азаматтық қорғау қызметінің жол-пайдалану техникасының, ТЖ департаменті арнайы техникасының дайындығын тексеру, арнайы техникалардың жұмысқа жарамдылығын және техникалық жағдайын анықтау, қыс мезгілінде қауіпті метеорологиялық құбылыстардың пайда болуына байланысты төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша сұрақтарды пысықтау. Қаланың автомобиль жолдарында 32 бағытта қалалық коммуналдық-техникалық қызметінің 684 бірлік техникасы және жеке құрамында 1901 адам жұмыс істейтін болады. Жалпы ұзындығы 1040 км құрайтын қаланың 315 көшесінде қар тазалау жұмыстары жүргізіледі, 5000 тн аса тұз, 22000 м3 аса құм дайындалды, инертті материалдар қорын толықтыру жұмыстары жалғасуда.Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары: «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-ның 15 бірлік техникасы мен 105 адам жеке құрамы; Апаттар медицинасы орталығы филиалының 4 бірлік техникасы мен 11 адам жеке құрамы; «Қазселденқорғау» ММ-ның 10 техникасы мен 11 адам жеке құрамы дайындыққа келтірілген.Ауа райы нашарлаған жағдайда Шымкент қаласының полиция департаменті 3 бағыттағы (Шымкент-Алматы, Шымкент-Ташкент, Шымкент-Қызылорда) автомобиль қозғалысының тоқтатылуы бойынша жұмыс жүргізеді.Қажет болған жағдайда қыс мезгіліне 123 жиналу-эвакуациялық пункті дайындыққа келтірілді, олардың базасында тамақтандыруды қамтамасыз ету бойынша пункттер ұйымдастырылды. Қысқа дайындық барысында анықталған барлық кемшіліктер қалалық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында қаралады.

Шымкент қ. ТЖД қоғаммен байланыс тобы