Шымкенттік өрт сөндірушілер кішкентай бүлдіршіннің арманын орындады!

Мариям — миллиондық қаламыздың кішкентай тұрғыны. Жасы небәрі  3-те. Алайда кішкентайынан зерек, батыл қыз болып өсіп келеді. Анасының айтуынша бойында бір қайсарлық бар. Оны өз мінезіне сай батыл жандар өрт сөндірушілердің қызметіне қызығуынан-ақ байқауға болады. Олар туралы жиі сұрайды, теледидардан, интернет желісінен көп көреді.  Анасына үнемі өрт сөндірушілердің қызметімен таныстыр дер қолқа салады екен.

Міне бүгінде Мариямның арманы орындалып,  олар №5 өрт сөндіру бөліміне қонаққа келді. Ал өрт сөндірушілерде өз кезегінде бүлдіршінді қауана қарсы алды. Алып техникаларды, мультфильмдерде, киноларда көргендей нағыз өрт сөндірушілерді көрген Мариямның көзі бал-бұл жанды дерсін. Өрт сөндірушілер бөлімге келген кішкентай қонаққа бөлімді толық көрсетіп, өрт сөндіру көліктерімен таныстырдыі.  Мариям өте мұқият тыңдап, жете назар салып қарап өзі қызыққан құралдарды ұстап көрді. Танымдық саяхаттың соңында қуанғаны сонша алғысын білдіріп, арнайы алып келген  тәттілерін өрт сөндірушілерге тарту етті. 

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген дана халқымызда сөз бар, осы орайда балалардың қызығушылығын арттырып, игі істерге баулу бұл біздің, ересектердің жазылмаған міндетіміз. Ал қайсар өрт сөндірушілер бұл бағытта әрдайым көмек қолын созуда қалыс қалған емес! Біз сүйкімді балақайға бар жақсылықты тілейміз! Еліміздің игілігі жолында адал еңбек ететін азаматша болып өсе бер дегіміз келеді!

А. Толтаев азаматтық қорғау полковнигі Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы