Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау

Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, ақша жетіспеушілігі сынды қиындықтар қаншама шаңырақтың шайқалуына түрткі болып отыр. Салдарынан, ерлі-зайыптылардың арасында агрессивті қарым- қатынас орнап, соңы қол көтеру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тіпті адам өліміне дейін жеткізуде. Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Еңбекші ауданы Полиция басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары «Ана үйі» қоғамдық қорына арнайы барып, ондағы аналар мен бөбектердің хал-жағдайымен танысты.

Шараның басты мақсаты – өмірде қиын жағдайға тап болып, жақындарынан қолдау көрмеген аналарға қандайда бір материалдық және моральдік-психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету.

Сондай-ақ, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізу. Полиция қызметкерлері бұл жолы да аналармен жекелей жүздесіп, құқықтық кеңес беруді ұмытқан жоқ.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі таңда кей нәзік жандылардың басты проблемасының бірі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айта бермейді. Осындай түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан зардап шегіп, қайда барарын білмей басы дел-сал болған нәзік жандылар қауымының бүгінгі таңдағы бас сауғалайтын аялы мекені – «Ана үйі. Сондықтан да отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жолында құқықтық және практикалық шараларды іске асырып, оның себептерін кешенді түрде анықтап, тоқтату – басты мақсат», — деп қорытындылады полиция капитаны Ж.Тасқұлова.

Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.