Қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу — басты назарда

23 маусымда Шымкентте Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның қаланың этномәдени бірлестіктерінің басшыларымен, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесулері өтті.
Қатысушылар жұртшылықты толғандыратын өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасу болғанына тоқталып, кездесулердің еркін форматта өткеніне ризашылықтарын білдірді. Кездесулер барысында қатысушыларға қоғамдық мәселелер туралы өз пікірлері мен ұсыныстарын ашық білдіруге мүмкіндік жасалды.
Аида Балаева мен Шымкент жұртшылығының белсенді өкілдері Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан — Адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысында айтылған ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жөніндегі бастамаларын іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударды.
«Президент бастамаларын іске асыруда қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу, құндылықтар мен рухани бағдарларды сақтау, бекіту басты назарда. Алдағы міндеттер саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар пакетін іске асыру қоғамдық күн тәртібін, халықтың сұраныстарын елеулі түрде түзететіні анық. Қоғамдық институттардың белсенділігі мен қызметіне үлкен үміт артылады», — деді А. Балаева.
Балалар мен әйелдерге қатысты, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және осы бағыттағы шараларды күшейту мәселелері кездесулердің кеңінен талқыланған тақырыбы болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қызметін жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданды. Нәтижесінде Ұлттық комиссия қызметінің негізгі бағыттары бойынша сараптамалық-талдамалық қызмет күшейтілді.
Балаева бұл ретте еліміздің әр өңіріндегі ақуалды зерттеудің маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысының Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан — Адал азамат» ұлттық құрылтайының отырысында айтылған отбасы институтын нығайту жөніндегі міндеттерді іске асырудың да өзекті екеніне тоқталды.
«Президенттің еліміздің табысты дамуын әрбір қазақстандық отбасының әл — ауқатымен байланыстырғаны да кездейсоқ емес», — деді ол.