Қалалық өзбек драма театрында теріс діни ағымдардың зардабын түсіндіру мақсатында тағылымды іс-шара өтті

Еліміздегі діни тұрақтылықты сақтап, теріс діни ағымдардың ықпалын азайту, халыққа ұлттық құндылықтармен біте қайнасқан дініміз бен бейтаныс діни ағымдардың айырмашылықтарын түсіндіру барша қоғамның міндеті. Бүгінде теріс діни ағымдармен күрес, олардың алдын алу – өзекті мәселенің бірі. Қазіргі уақытта жастар арасында діни сауатсыздық пен діни сауаттылықтың таяздығы, жұмыссыздық секілді діни экстремизмнің пайда болуына алып келетін бірқатар факторлардың алдын алу бойынша көптеген шаралар атқарылып келеді.

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде қарашаның 15-16 күндері театрландырылған көрсетілімдер ұйымдастыру жоспарланған болатын.

Бүгін осы жоба аясында Сайрам тұрғын алабындағы қалалық өзбек драма театрында теріс діни ағымдардың зардабын түсіндіру, тұрғындар арасында діни иммунитетті қалыптастыру мақсатында тағылымды іс-шара өтті. Онда «Қазақ шыңы» қоғамдық бірлестігі дайындаған «ТОР» (өзбекше «Қафас») тақырыбындағы қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Қойылымды тамашалауға тұрғындар мен колледж студенттері, жалпы 350-ден астам көрермен жиналды.

Шымкент қаласы дін істері басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ғалымжан Сарманов мұндай іс-шаралардың маңызы зор екенін, алда мұндай тағылымды іс-шаралар жалғасын табатынын атап өтті. Театрландырылған көрсетілім түрлі жат ағымдардан аулақ болуға үндейді. Спектакльде әлеуметтік желілерден радикалды уағызшылардың ықпалына түскен азаматтың басынан кешкен оқиғалары баяндалады.

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, «ТОР» қойылымы болған оқиға желісі бойынша дайындалған. Айта кетсек, көпшілікке ой салған көрсетілім ертең де тұрғындарға ұсынылады.