Қала аумағында құжатсыз 2 314 тұрғын үй анықталды

Қала әкімдігі және қала прокуроры арасында 2023 жылы «Жерді өз бетінше иеленуге жол жоқ» іс-шара жоспары түзіліп, 2023 жылы 31 қаңтарда қала прокуратурасының №3ө/7 өкімімен жұмыс тобы құрылған. Басты мақсат — қала аумағында бұрын салынғаны анықталған 2 314 тұрғын үйді зерделеп, ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес, тиісті мекемелермен бірлесе мәселесін шешу.

Өз кезегінде бұл жұмыс тобының мүшелері өз бетінше иеленген жерге салынған тұруға жарамды ғимараттарды иеліктен шығару құқығынсыз уақытша пайдалануға беру немесе салынған тұруға жарамсыз ғимараттарды бұздыру, содан соң аталған жер телімдерін мемлекет меншігіне өткізу жұмыстарын жүргізді.

Шымкент қаласы аумағында бұрын салынған құжатсыз тұрып жатқан 2 314 тұрғын үй анықталды. Жарамдысы 1 831 тұрғын үй болса, ал қалған жарамсыз 483 үй бар.

Заңсыз соғылған тұрғын үй иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мемлекет меншігіндегі өз бетінше жер иеленіп алудың жауаптылығы мен ол бойынша қолданылатын шаралар туралы хабарламалар таратылды.

Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы аудан әкімдерінің өкімдерімен барлық аудандар бойынша «Жерді өз бетінше иеленуге жол жоқ» жобасын жүзеге асыру мақсатында тиісті мекемелермен, құқық қорғау орган өкілдерімен бірлесе жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобының шешіміне сәйкес, аталған мемлекет меншігінің жеріне заңсыз салынған тұруға жарамсыз құрылыс нысандарын тұруға жарамсыз тұрғын үйлерді бұздыру шешімі қабылданды.