Қала тазалығына жауапты кәсіподақ мүшелерімен кездесу өтті

Бүгін «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Руслан Ақжігітов пен Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қалалық филиалының төрағасы Абдурайра Манахов қала тазалығын қамтамасыз ететін «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ мүшелерімен кездесті. Кәсіподақ активімен өткізілген жиында тазалық қызметкерлеріне еңбек қатынастарын реттеу, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету жөніндегі мәселелер қозғалды. Жиында кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Кәсіподақтар Федерациясы тарапынан еңбек адамын ұлықтау, жалақыны индексациялау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті. Сонымен қатар, кәсіподақтар орталығында Заң клиникасы мен «Татуластыру орталығының» жұмыстары туралы түсіндірме беріп, арнайы жадынаманы таратты.Ал, салалық кәсіподақ филиалының төрағасы 2021 жылы «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-да қарапайым техника қауіпсіздігін сақталмауы мен оқыс оқиғаның салдарынан орын алған жазатайым оқиғалар жайында сөз қозғады. Мекемедегі Өндірістік кеңестің мүшесі Асхат Абдришов өз сөзінде, орын алған жазатайым оқиғалардың Кеңесте қаралғанын және алдын-алу іс-шаралары жүргізілгендігін баяндады. Бүгінде мекемеде бір Өндірістік кеңес жұмыс атқарады. Екі техникалық инспектор бекітілген. Сонымен қатар, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-да 2021 жылдың наурыз айында жұмысшылардың жалақысы 20%- ға өскен. Бүгінгі күні мекемедегі қарапайым жұмысшының жалақысы 120 мың теңге, ал жүргізушілердің еңбек ақысы 160-190 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, кездесуде қызметкерлердің ұсыныстары тыңдалып, қойылған сұрақтарына жауаптар берілді. «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-де бүгінгі таңда 957 қызметкер жұмыс істейді. Олардың барлығы кәсіподақ мүшелері.

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы