Қала әкімінің орынбасары тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап берді

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков «Отырар» телеарнасының студиясында «Халық пен билік» бағдарламасына қатысып, тікелей эфир арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Қала тұрғындарының сауалдары жергілікті телеарнаның байланыс нөмірі және ватцап, инстаграм желілері арқылы қабылданды. Тікелей эфир барысында тұрғындардан түскен өзекті мәселелердің басым көпшілігі әлеуметтік сала мен қаладағы тозығы жеткен үйлерге байланысты болды. Тұрғындар әбден ескірген үйлердің алдағы күйіне алаңдаулы. -Тозығы жеткен үйлер қазіргі таңда өзекті мәселе. Оларды сүріп, тұрғындарын көшіру бойынша 2020 – 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкент қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы қабылданған. Алайда, көп адамдар үйренген жерінен көшуге келісе бермейді. Сол себепті ортақ шешім қабылдап, халықтың қамы үшін құрылыс кезінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету немесе орнына тең пәтермен қамту шаралары қарастырылуда, -деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Дәулетбекұлы. Қазіргі таңда, Шымкент қаласы бойынша 2296 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарына дейін соғылған 107 үй техникалық зерттеу қорытындысы негізінде тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үй ретінде сүруге ұсынылған. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Дәулетбекұлының айтуынша, бүгінгі таңда, арнайы бағдарлама аясында тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан бұл іске инвесторларды тарту жұмыстары да жүргізілуде. Ерғали Білісбеков бір сағат эфир барысында өзі жетекшілік ететін тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының жұмысын қысқаша баяндай келе, көрермендерге толық қанды жауап беруге тырысты. Қала басшысының орынбасары сондай-ақ, азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдады.Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков тұрғындарды жеке мәселелерімен алдын-ала жазылу бойынша аптаның бейсенбі және жұма күндері қабылдайды. Карантин талаптарына сәйкес қабылдау онлайн түрде жүргізілуде.

Шымкент Тұрғын үй басқармасы