Қоғамдық келісім – ел тұрақтылығының негізі

Қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту – елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтаудың маңызды негіздерінің бірі. Қазақстан халқының өзара құрметі мен түсіністігі әртүрлі этнос өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне, ортақ мақсат жолында бірігуіне мүмкіндік береді.

Бұл бағытта мәдени-танымдық және қоғамдық іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені мұндай кездесулер халықтарды бір-бірінің мәдениеті мен дәстүрін тануға, өзара сыйластықты арттыруға және ортақ құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді. Әсіресе жастар арасында достық, толеранттылық, отансүйгіштік және жауапкершілік ұғымдарын насихаттау – қоғамдық келісімді нығайтудың тиімді жолы.

Қоғамдық келісімнің басты құндылықтары – өзара құрмет, бейбітшілік, бірлік және азаматтардың теңдігі. Осы құндылықтарды берік ұстану арқылы ғана этносаралық татулықты сақтап, тұрақты әрі үйлесімді қоғам қалыптастыруға болады.

Шардара ауданында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Жиынға Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Шералы Әділханұлы, аудан әкімдігі өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ауыл ақсақалдары, билер кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңес өкілдері және аудан белсенділері қатысты.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков жүргізіп, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, этносаралық келісімді нығайту және қоғамдағы өзара сенім мен сыйластықты арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында Шардара аудандық полиция бөлімі тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Өз сөзінде Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Шералы Әділханұлы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтау – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, арандатушылық сипаттағы ақпараттардың алдын алу, жастар арасында заңға құрмет пен патриоттық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесу барысында ауыл ақсақалдары мен қоғамдық пікір көшбасшылары өз ұсыныстарын айтып, қоғамдағы татулықты сақтауда ақсақалдар институтының, билер кеңесінің және зиялы қауымның рөлі ерекше екені атап өтілді.

Жиын соңында ауданның құрметті ардагері Қыстау Ілесов сөз сөйлеп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған бастамалардың маңызын атап өтіп, қатысушыларға ақ батасын берді.

Осындай кездесулер өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтып, этносаралық келісімді сақтау мен бірлік құндылықтарын дәріптеуге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал етеді.