ҚРКФ төрағасы: «Әділ еңбек қатынастарын құру кәсіподақтардың басым міндеті болып табылады»

3-5 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс сапарымен Жетісу облысында болды. Сапар барысында ҚРКФ басшысы облыстың әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдайымен, жекелеген кәсіпорындар мен салалардағы әлеуметтік әріптестікті дамыту барысымен танысты, облыстық мәслихаттың «Еңбек» депутаттық тобының мүшелерімен бірлескен жұмыс жоспарын талқылады және екі облыс – Алматы және Жетісу облыстарының кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерімен кеңейтілген жиын өткізді.

Достық үйі алаңында екі облыстың кәсіподақ активінің ҚРКФ төрағасымен кездесуі өтті, оған салалық кәсіподақ филиалдарының төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдары кәсіподақ комитеттерінің төрағалары мен әлеуметтік әріптестер қатысты.

Әріптестерге арнаған сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Алматы мен Жетісу облыстарының кәсіподақ көшбасшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамдағы жиын алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтіп, әріптестерді ашық пікір алмасуға шақырды.

Өңірлердегі кәсіподақ көшбасшылары салалардағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелеріне тоқталып, жергілікті кәсіподақ мүшелерінің көкейінде жүрген мәселелерді шешуге жәрдемдесу туралы өтінішпен Сатыбалды Дәулеталинге жүгінді.

«Жетісу» білім, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ Текелі қалалық филиалының төрағасы Асан Тұрсынғалиев мектептегі техникалық қызметкерлердің еңбекақысының төмендігі, жәрдемақылардың жоқтығы мәселелеріне тоқталды. Жұмыскерлерге еңбекақы төлеу тақырыбын «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Жетісу облысы бойынша филиалының басшысы Сәуле Ахмадиева да қозғады.

Әріптестерді тыңдағаннан кейін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ қызметі және әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелерін шешу бойынша кәсіподақ бастамалары туралы айтты.

«Біздің әлеуметтік әріптестермен қарым-қатынасымызда жалақыны көтеру мәселелері басымдыққа ие. Біз үкіметке еңбек заңнамасына жалақы бөлігінде өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар пакетін енгіздік. Олар ең төменгі жалақыны дәйекті арттыруға, жұмыс берушінің инфляцияны ескере отырып, қызметкерлердің жалақысын индекстеу жөніндегі міндетін заңнамалық тұрғыдан бекітуге, базалық жалақыдан толық бас тарта отырып, бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіруге және т.б. қатысты. Біздің барлық ұсыныстарымыз әлеуметтік әріптестердің қарауында. Біз өз тарапымыздан олардың оң шешіміне қолжеткізуді жалғастырамыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ басшысы Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары өткізіп жатқан «Қауіпсіз еңбек» жылында кәсіподақтар әрбір кәсіпорын мен ұйымда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

«Жыл сайын өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1500 адам жарақат алып, 200 адам қайтыс болады. Кәсіподақ ұйымдары өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлардың қызметі арқылы қауіпсіз еңбек жағдайларының сақталуына бақылауды күшейтуі керек. Республика деңгейінде Федерация Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге қатысты. Кәсіпорындардағы қауіпсіздікті басқаруда өтемақы моделінен тәуекелге негізделген тәсілдерге көшу қажеттігін біз бірнеше рет айтқан болатынбыз. Бұл маңызды аспект Тұжырымдама жобасында ескерілген», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Осы аралықта кәсіподақ орталығы жұмыс орнындағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша жұмыс жоспарын әзірледі. Жоспар аясында салалық кәсіподақтармен және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 35 іс-шара өткізу жоспарлануда.

Әріптестерімен кездесу барысында ҚРКФ төрағасы бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан бастап, жалпы жұмыс орындарында әлеуметтік әріптестермен бірлескен өзара іс-қимыл үшін кәсіподақтарды белсендірудің маңыздылығын атап өтті.

«Бастауыш кәсіподақ ұйымы жалпы кәсіподақ қозғалысының негізі болып табылады. Бүкіл ұжымның әл-ауқаты бір кәсіпорындағы бастауыш ұйымның жұмыс берушімен қалай әрекеттесетініне байланысты. Сіздердің қолдарыңызда маңызды құрал – ұжымдық шартты қабылдау, онда жұмыс берушілермен келісе отырып, кәсіподақ мүшелеріне қосымша әлеуметтік кепілдіктер енгізу мүмкіндігі бар. Бүкіл саладағы жалпы жағдай бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділігіне байланысты», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы ел басшылығының Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі бастамасын жүзеге асырудағы кәсіподақтардың рөлі туралы айта келе, кәсіподақ көшбасшыларының назарын әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру мәселесіне аударды.

«Жақында өткен Ұлттық Құрылтай отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір азамат ел болашағы үшін жауапкершілікті сезінуі керектігін атап өтті. Кәсіподақтар өз кезегінде әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бар күш-жігерін салуы керек, онсыз әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес. Әділ еңбек қатынастарын қалыптастыру, еңбек адамына әділеттілікті қалпына келтіру – кәсіподақтардың бірінші кезектегі міндеті», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ал, бүгінгі таңда Алматы облысы мен Жетісуда 85 мыңнан астам кәсіподақ мүшелерінен тұратын 734 бастауыш кәсіподақ ұйымын қамтитын 14 облыстық салалық кәсіподақ және 4 жергілікті кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді.

2021 жылдан 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі кезеңде облыстың кәсіподақ орталығының көмегімен 11255 кәсіподақ мүшесін қамтитын 160 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.

ҚРКФ медиаорталығы