ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Шымкент қаласына келді

Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденов Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы және жеке құрамымен кездесті. Жұмыс сапарының негізгі мақсаты — ҚР Президентінің Халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру, полицияның қоғамдағы қылмыс пен құқықбұзушылыққа қарсы күресуі бағытындағы жаңа жүктемелерді толығырақ таныстыру болды.

Ауқымы кең жиында Ержан Сапарбекұлы есірткі қылмыстары және интернет алаяқтыққа қатысты кеңінен тоқталып, онымен күресу жолдарын шегеледі. Оған қоса, тәртіп сақшыларының жалпы әлеуметтік жағдайы, жалақы мәселесі, оны жетілдіру жүйелері де сөз болды. Сондай-ақ, құқық тәртібі саласындағы мәселелерді бірлесіп анықтау және шешу үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінің азаматтармен тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатуына назар аударды.

«Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты»,-деп Ержан Сапарбекұлы ҚР Президентінің Халыққа арнаған Жолдауын, ондағы әрбір тапсырма-тарауды жіті тоқтала жеткізді.

Сондай-ақ, генерал-майор сервистік полиция, ең алдымен, мемлекеттік орган жұмысының «қадамдық» қолжетімділігін, ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етуге бағытталғанын да атап өтті.

Кездесу соңында Ішкі істер министрінің орынбасары тәртіп сақшыларын Жаңа Қазақстанды құру жолында халыққа адал қызмет етуге және халықтың сенімін ақтау мақсатында аянбай еңбек етуге шақырды.

Айта кетейік, бүгінде миллионды қала – Шымкентте сервистік модель негізінде полиция қызметін қалыптастыру және дамыту жұмыстары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес қарқынды жүргізілуде.

Ntime.kz