ҚР ІІМ Министрінің орынбасары Марат Қожаев қызметтік іссапарымен Түркістан облысында болды.

Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында және «2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғыртудың жол картасы» тармақтарын орындау үшін ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша киелі Түркістан облысына жұмыс сапарымен ҚР ІІМ-нің бірінші орынбасары Марат Қожаев келді.Сапар барысында ІІМ вице-министрі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесті. Кездесуде облыстағы криминогендік жағдайдың тұрақтылығы және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ облыс әкімдігінде орналасқан сарапшылар тобының қызметкерлерімен кездесті. Одан әрі полиция генерал-майоры М.Қожаев маңызды туристік нысандарды аралап, туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін облыс орталығында орнатылған «SOS» стационарлық бекеттерінің жұмысымен танысты.Бүгінгі күні ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша учаскелік полиция инспекторларының жұмыс ауқымы кеңейтілуде, оларды техникалық жабдықтармен жарақтандыру, жұмыс нәтижелерін арттыру және қылмыс деңгейін төмендету үшін барлық жағдайлар жасалуда. Осыған байланысты генерал М.Қожаев Түркістан қаласы полиция басқармасының №4 және № 6 тірек пунктеріне арнайы аялдады. Бірінші кезекте вице-министр учаскелік инспекторлардың жұмысын бағалап, профилактикалық шараларға байланысты тапсырмаларын берді.Одан кейін Түркістан облысы Полиция департаментіне келген Марат Шадетханұлы жедел басқару орталығының қызметімен танысты. ЖБО бүгінде облыс орталығында орналасқан барлық бақылау бейнекамералары біріктірілген полиция департаментінің маңызды құрылымдарының бірі болып табылады.(Мәлімет үшін: Республика көлемінде адам санына шаққанда қылмыс саны ең аз облыс — Түркістан.).Тәртіп сақшыларының оң нәтижелерге қол жеткізуінде ЖБО-ның өзіндік үлесі бар екенін атап өту қажет. Бейнебақылау камераларының көмегімен 2021 жылдың 10 айында облыс бойынша 75 502, ал Түркістан қаласында 36 483 құқық бұзушылық анықталды. Сондай — ақ облыс көлемінде — 104 қылмыс, ал облыс орталығында – 32 қылмыс бейнебақылау камераларының көмегімен ашылған. Айта кету керек, бейнебақылау камералары орнатылған жерлерде жүргізушілер апаттық жағдайларға жол бермейді.Сапар барысында ІІМ орынбасары М.Қожаев Түркістан облысы полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті. «Түркістанды рухани астана және туристік орталық ретінде барлығы жақсы біледі! — деп атап өтті Марат Қожаев, — сондықтан осындай қасиетті жердің тәртіп сақшылары әрқашан өз жұмыстарыңызға жауапты болып, қылмысты ашуда әділдікті ту етулеріңіз қажет. Баршаға мәлім полицияны халық әрдайым қорғаушы, жанашыр ретінде сезінуі керек. Ол үшін Президентіміз Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен және ҚР ІІМ Е.Тұрғымбаевтың қадағалап, іске асырылуына мұрындық болуымен сан түрлі жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде «Цифрландыру», «Сервистік полиция» т.б. Сондықтан сіздер бірінші кезекте халық өзін қауіпсіздік пен жайлылықта сезінетіндей жағдай жасап, өз қызметтеріңізді адал атқаруларыңыз қажет. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық, қылмыс не болмаса басқалай тәртіпсіздік те мүлде орын алмауы аса маңызды!»,- деп түйіндеді полиция генералы М.Қожаев.Содан кейін вице-министр Түркістан облысы полиция департаменті жанындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және халыққа қолжетімді қызмет көрсету, естуші мемлекет аясында құрылған «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесінде» болды. Онда тұрғындарға қызмет көрсетудің тиімділігі мен ғимараттың келушілерге қолайлылығы толық қарастырылған.Сапар соңында генерал Марат Қожаев Түркістан қаласындағы облыстық полиция департаментінің жаңа ғимараты құрылысының барысымен танысты.Жалпы Вице-министр Түркістан полицейлерінің жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта да облыс тәртіп сақшылары азаматтардың қауіпсіздігі үшін жоғары деңгейде қызмет атқаратынына сенім білдірді.

ТО ПД баспасөз қызметі