ҚХА отырысында қоғамдық келісімді нығайту жолдары қаралды

қоғамдық келісімді нығайту

Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың кезекті отырысы өтті. Жиынның негізгі мақсаты – өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылау болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Түркістан облыстық ғылыми-сарапшылық топ пен Жас ғалымдар клубының «Қазақстан қоғамының жалпыұлттық құндылықтары және оның негізгі тетіктері» тақырыбындағы II тоқсандық бірлескен отырысы Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында ұйымдастырылды.

Жиынға университет профессоры, облыстық ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Сейдулла Садықов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар саласы бойынша бөлім басшысы Хамит Исақов, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық топ пен Жас ғалымдар клубының мүшелері қатысты.

Отырыс барысында С.Садықов атқарылған жұмыстарға шолу жасап, алдағы кезеңнің негізгі бағыттарын айқындады. Ол Ұлттық құрылтайда белгіленген басымдықтарға тоқталып, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы ғылымның рөлі мен жастар белсенділігінің маңызын атап өтті.

Х.Исақов этносаралық келісімді нығайту және ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік жобаларды іске асыруда жүйелі жұмыстың қажеттігін жеткізді.

Ал Жас ғалымдар кеңесінің жетекшісі Саян Шылмамбетов ғылым мен жастар ынтымақтастығы қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға нақты үлес қосатынын айтты.

Жиында Түркістан облысындағы қоғамдық келісімнің қазіргі жағдайы сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты ұсыныстар айтылды. Сарапшылар жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және түрлі этностардың мәдениетін құрметтеуді арттыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, отырыста ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, талдамалық материалдардың сапасын арттыру және оларды тәжірибеде тиімді қолдану мәселелері де қарастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және ықтимал әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға ықпал ететіні айтылды.

 Жиын қорытындысында қатысушылар:

– ғылыми-сарапшылық топ қызметін күшейту;

– жас ғалымдардың әлеуетін тиімді пайдалану;

– сараптамалық жұмысты жүйелі түрде жалғастыру бағытында ортақ келісімге келді.

Қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту – баршамызға ортақ міндет!

Жалпы, аталған отырыс қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Мұндай кездесулер ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға және ортақ құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қоса береді.