Қытай инвесторлары Түркістан өңірінде мақта шаруашылығын дамытуға ниетті

Түркістан облысында мақта өсіру үшін қытайлық ауыл шаруашылығы технологиялары енгізілмек. Автоматтандырылған заманауи технология «ақ алтынды» егіп, теруге дейін өзі атқарады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық «Peng Sheng Group» басшыларымен кездесті. Компания көрші Өзбекстан елінде бірнеше ірі жобаларды сәтті жүзеге асыруда.

Бірегей жобаны облыстың оңтүстік аудандарында іске асыруды көздеген қытайлық инвесторлар мақта сапасы мен көлемі едәуір артатынына сенімді. Ол үшін тамшылатып суару жүйесі құрылғылары орнатылады. Жоба құны 46 миллион АҚШ долларын құрайды. Тараптар осы жобаны талқыланды.

Сондай-ақ компания Түркістан облысында былғары өңдеу және ірі қара мал қалдықтарынан желатин өндіретін зауыт салуға дайын. Бизнес-жоспардың құны – 10 млн. АҚШ доллары. Шетелдік инвесторлар индустриалды аймақта жұмыс істеуге ниетті.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласына, қайта өңдеу ісін дамытуға, жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға ерекше басымдық беріп жатқанын атап өтті. Түркістан облысының ерекшеліктеріне тоқталып, жақында болған Қытай сапары нәтижесінде жүзеге асатын бірлескен жобалар туралы ой қозғады. Жаңа жобаларды жан-жақты қолдауға, мемлекет тарапынан көрсетілуі тиіс қолдауларды ұсынуға әзір екендігін білдірді.

– Сіздердің Өзбекстанның Сырдария облысында бастаған жұмыстарыңызбен танысқанмын. Керемет жобалар іске асырылған. Жақын арада біз облыстың делегациясымен Қытайда жұмыс сапарымен болдық. Ең ірі деген өндіріс алпауыттарының жұмысымен таныстық. Тәжірибе алдық. Енді соны іске асыруға мүдделіміз. Облыстың бес ауданының әкімдері де бірер күн бұрын Қытайдағы ірі өндіріс орындарында болды. Осы жұмыстар нәтижесі ретінде бүгінгі жобаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Тараптар инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын талқылады. Облыс басшысы Түркістан өңірінде жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды.

Өз кезегінде қытай инвесторы Түркістан өңірі мен облыс орталығының экономикалық даму бағытын жоғары бағалап, бірқатар жобаларға қызығушылық танытты. Бірлескен жобалардың әрі қарай да жалғасатынын атап өтті.