Ұжым арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында кездесу өтті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Ж.Алжанова қалалық психикалық денсаулық орталығының қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Шараға Орталықтағы әкімшілік қызметкерлер, дәрігерлер жалпы саны 50-ге жуық адам қатысты.

Кездесудің мақсаты – ұжым арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық принциптерін енгізу болып табылады.

Департамент өкілі Ж.Алжанова 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасымен таныстырып , қызмет бабын пайдаланып сыйлық алып бергендерге жауапкершілікті , заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысудың салдарын жан-жақты түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу қағидалары туралы айтты және қызметкерлер назарына сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған жағдайда 1424 Call-орталығына хабарласуға қажеттігі жеткізілді.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. 

– Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға  қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын бекітетінін мәлімдеді. Бірақ жұмыстың тиімділігі нақты нәтиже бойынша бағаланады. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру.