Әлеуметтік осал топқа жататын 228 азамат қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастады

«Бизнес-идеяларын жүзеге асырғысы келетін шымкенттіктер 11 қыркүйектен бастап қайтарымсыз грант алуға өтінім бере алады».

Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлім етті.

2023 жылы Шымкентте әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған болатын. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің өзінде 6000-ға жуық азаматтан өтінім түсіп, оның 228-не оң шешім қабылданып, қайтармысыз грант берілді. Оның ішінде, тігін саласына – 52, кондитерлік, наубайхана және жартылай фабрикат өнімдерін өндіру саласына – 62, қызмет көрсету, яғни дүкен, клининг орталығы, массаж, фотосалон, компьтерлік қызметтер көрсету саласына – 43, мал шаруашылығы, сүт өнімдерін өндіру саласына – 23, жалпы өндіріс саласына – 30, оқу орталығын ашуға – 5, автокөліктерге қызмет көрсету саласына – 8, сұлулық салондарын ашуға – 5 грант бөлінді.

Жалпы грант алған 228 адамның ішінде 226 азамат өз қызметін салық органдарына тіркеген. Оның ішінде 192 азамат есебін тапсырса, 3 азаматқа байланысты грант қаражатын мақсатты пайдаланғаны туралы есептерін 3 ай ішінде тапсырмауына байланысты, әкімшілік-құқықтық бөліміне қаржыны кері қайтару бойынша жұмыстар жүргізуге ұсынылған, ал 33 азаматтың 2023 жылдың қыркүйек айына дейін өз қызметін салық органдарына тіркеп, есебін тапсыруға мерзімдері бар.

11-22 қыркүйек күндері аралығында 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік гранттың III-легі бойынша өтінім беру басталады. Мемлекеттің қайтарымсыз грантын алуға өтінімді еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар санатындағы азаматтар тапсыра алады.

Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Үміткерлер ең бастысы бизнес-жоспарды әзірлегенде қаражатты мақсатты жұмсауларын нақты көрсетіп, комиссия отырысында бизнес идеяларын қорғаулары қажет. Өйткені грант тәуелсіз комиссиялардың шешімі негізінде беріледі. Комиссия мүшелері қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құралған. Олар әр өтінімді егжей-тегжейлі зерделей отырып, әділ шешім қабылдауға тырысады.

Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. «Business.enbek.kz» порталы барлық салалармен интеграцияланған. Үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.