8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық Әшірәлі Кенжеев атындағы мәдениет үйінде «Әйел ару, әйел гүл» атты салттанатты концерт өтті. Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні келестік аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев нәзік жанды әйелдер қауымын шуақты мерекемен құттықтады.«Қазақта «Ананың сүйген жері – отқа да күймейді, оқ та тимейді» деген жақсы сөз бар. Өйткені әйел-аналар барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы. Отбасының оты да, Отанның бүтіндігі де ең алдымен ананың ақ пейілінен бастау алатыны баршаға мәлім. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген Аналардың алдында бәріміз де бас иеміз. Ауданымызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Бүгінде өңірімізде көпбалалы аналарымыз 13 569 –ға жетті. Олардың 8316-ы төрт және одан да көп балалары бар аналар. Сіздерге мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Әрдайым ақпейіл де қамқор, адал да үлгілі қалыптарыңыздан талмай, гүлдей құлпырып жүре беріңіздер» — деп аудан басшысы Ақментай Есбаев ақ жарма тілегін білдірді. Түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен қыз-келіншектер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі