Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығы базасында су тасқыны кезеңінің өтуі мәселесі бойынша кезекті брифинг өтті. Спикер ретінде Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бастығы Мадияр Жақсыбаев сөз сөйледі.Шымкент қаласы аумағында су тасқыны жағдайы тұрақты екені атап өтілді. Қала аумағында Бадам (61,5 млн.м3), Тоғыс (4,6 млн. м3), Текесу (0,481 млн. м3), Ақжар (0,723 млн. м3) 4 су қоймасы бар, 4 өзен (Бадам, Қошқар-ата, Сайрам-су, Қара-су) ағып өтеді және 27-ден астам канал бар. Су қоймаларының толымдылығы 13-65% құрайды, тасқын суларды қабылдау үшін жеткілікті қорлар бар. Департаментте су тасқыны қаупіне ден қою жөніндегі жедел штаб құрылды, ол күн сайын су тасқыны жағдайына мониторинг және үйлестіру жүргізеді. Жүргізілген профилактикалық іс-шараларға қарамастан және жыл басынан бері көптеген нөсерлі жаңбырдың салдарынан қаладағы көшелер мен үйлердің аулаларын 3 рет су басу орын алды, онда Департамент жедел әрекет етіп, жаңбыр суын сору бойынша тиісті жұмыстар жүргізді. Үйлердің ішінде су басу және зардап шеккен тұрғындар болған жоқ. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың маңызы зор екенін ескере отырып, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекеттері ең алдымен олардың алдын алуға және оның салдарын барынша азайтуға бағытталған.Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет түріне ауыстырылды. Қала аумағында су тасқыны жағдайы шиеленіскен жағдайда азаматтық қорғау қызметінің 673 адамы, түрлі мақсаттағы 81 бірлік техника, 4 қайық, 57 дана мотопомпа, 18 мың текше метр құм, 40 мың дана қап дайын тұр. Сонымен қатар, зардап шеккен халықты қабылдау үшін 123 құрама эвакуациялық пункт әзірленді.Аулалар мен жеке учаскелердің жай-күйі туралы мәселе де маңызды. Арықтар мен каналдарды тазалау — коммуналдық қызметтердің немесе жеке аумақ иелерінің міндеті. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өз отандастарын су тасқыны қаупіне барынша байыппен қарауға, арықтарға, каналдар мен науаларға қоқыс тастамауға шақырады. Естеріңізге сала кетейік, «Қазгидромет» РМК филиалының ақпараты бойынша қала аумағында әлі де жауын-шашын күтілуде.
Шымкент қ. ТЖД ТЖ алдын алу бөлімі