Елімізде Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 5 сәуір күні «Қазақстан Республикасындағы паспорттық жүйе туралы ереже» қабылданды. Бұл паспорттық-визалық қызметті қайта құрудың алғашқы қадамы болатын. Ал бұл қызмет 1999 жылдан бастап Көші-қон деп атала бастады. Міне содан бері оның міндеті мен құрылымы күрделеніп, қызмет ауқымы да кеңейген. Түркістан облысының Полиция департаменті Көші-қон қызмет басқармасы бұл саланы өрге сүйреп келеді. Облыс аумағында заңсыз көші-қонның алдын алу, елдегі шетел азаматтарының құқықтық тәртібін бақылап, құқықбұзушылыққа жол бермеу, көші-қон заңнамасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру сынды жұмыстарды тыңғылықты атқарып келеді. Қазіргі таңда ТО ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшылық қызметін полиция подполковнигі Есенғали Бейсебаев абыроймен атқаруда. Бұдан бөлек бұл басқармадағы полиция полковнигі Қайрат Жүнісбеков, полиция подполковниктері Ауезбек Мырзабаев, Руслан Бейсалиев, Нұрым Абдуалиев, Бекарыс Игисинов, Зарина Абылаева, полиция майорлары Руслан Оспан, Бауыржан Бекбаев, Камила Бердиева, Лаура Ауелбекова, Асқар Мақанов және полиция аға лейтенанты Ақнұр Шырынбековалар нағыз өз ісінің мамандары. Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы келуші шетел азаматтарының саны күрт өсті десек те болады. Ал олардың елдегі жүріп-тұру тәртібін, қауіпсіздігін бақылап отыру өте маңызды. Соңғы 3 айда түркістандық көші-қон қызметкерлері заңнамаға сәйкес облыс аумағынан азаматтығы жоқ 4115 шетелдікті анықтап, есепке қойған. Бұлардың көпшілігі Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елінің азаматтары. Ал осы уақыт ішінде Республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы 2641 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек көші-қон қызметі алимент төлеушілерді, борышкерлерді іздеу, халықты құжаттандырып,тіркеу және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын іске асырады. Осыған орай жұмыстың жан-жақтылығына байланысты Көші-қон қызметі прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен, шекара қызметімен, еңбек және әлеуметтік қорғау департаментімен, экстремизм, жергілікті полиция қызметі және криминалдық полиция басқармасымен бірлескен іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп отырады. Халықты құжаттандыру, тіркеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында биылғы жыл басталғалы 48680 азаматқа жеке куәлік немесе төлқұжат алуға 1-нысандағы арыздар ресімделген. Ал төлқұжат немес тіркеу ережелерін бұзған 1801 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2022 жылдан бастап Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын да қарқынды жүргізді. Аз ғана уақыт ішінде азаматтыққа қабылдауға 381 шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлғалар тұрақты тіркелген екен. Ал бұл бойынша 701 адам арызданған. Қазір бұл өтініш, арыздардың барлығы қаралып, анықталу үстінде. Полиция саласында осындай күрделі жұмыстарды асқан шыдамдылықпен, зор абыроймен атқарып жүрген көші-қон қызметкерлеріне қандай мақтау айтсақта жарасады. Олардың алдағы еңбек жолдарына мол табыс, отбасыларына береке тілейміз. Әрбір шуақты күндері қуанышты сәттерге толы болсын дегіміз келеді. Қазақ полициясының мерейін үстем қылып, тәртіп сақшыларының абыройы үшін адал қызмет ете беріңіздер!
ТО ПД баспасөз қызметі