Түркістан облысы Полиция департаментінің Азаматтарды қабылдау бөлмесінде «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – Түркістан облысы Полиция департаментіне болашақ полицейлерді жұмысқа қабылдау. Осыған орай Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері тәртіп сақшысы болғысы келетін 10-нан астам үміткермен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олардың арасында нәзік жандылар да бар. Аталған шара барысында үміткерлерге Ішкі істер органдарына жұмысқа қабылдану үшін қандай құжаттар керек екендігі айтылды. Сонымен қатар, келушілер өздерінің сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. «Ашық есік» күнінде үміткер ретінде қатысқан 22 жастағы Бақдәулет Тұрғанбеков арнайы Шымкент қаласынан келген. Ол: «Полиция қызметкері болу — менің бала күнгі арманым. Полиция — халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полицейлердің еңбегі зор. Мен бұл саланы өз қызығушылығыммен таңдадым. Үйімде бұл саланы таңдаған адам болмаса да, полиция қызметкерлерінің киім-киісі, жүріс-тұрысы, халық үшін жасаған әрбір жұмыстарына мен қызығушылықпен қараймын. Мен де полиция қызметкері болып, ел үшін қызмет еткім келеді. Алдағы уақытта арманым орындалады деген сенімдемін» — дейді. Полиция қызметкерлері өз кезегінде келушілердің құжаттарын жинақтап, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына жолдайтындықтарын айтты. Оларға барлығы конкурс негізінде жүзеге асатындығын хабарлады. Бұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
ТО ПД баспасөз қызметі