Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 3-наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Нариман Мақұлбеков Сұлутөбе, Майлытоғай және Тартоғай мен Қоғалы ауылдық окруктерінің тұрғындарымен кездесті.Кездесудің алдында тұрғындарға Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы қысқаша баяндап өтіп, Мемлекет басшысының биылғы жылдың 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына сәйкес, ауданда 2022-жылға жоспарланған және атқарылатын жұмыстар жайын түсіндірді.Кездесудің ең басты ерекшелігі – ашықтық болғандықтан, ауыл тұрғындарымен еркін түрдегі «сұрақ-жауап» форматында өткізілді. Аудан әкімі сауалдарға жеке-жеке жауап беріп, мәселелерді оңтайлы шешу бойынша тиісті бөлімдерге тапсырмалар берді.Әрбір ауылдық округтегі әлеуметтік мәселелер мен газ, егістік, ауыз су, елдімекендерді абаттандыру және тұрғындарды толғандырған әртүрлі мәселелер талқыланып, түйіні тарқатылды.Алдымыздағы жылға «Мұстафа Шоқай» АГРС, яғни автоматтандырылған газ реттеуіш станциясын салу жоспарланғандығын және нәтижесінде Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Бала би мен Бәйгеқұм ауылдарына да газ тартыла бастайтындығын жеткізді.Жиын соңында ауыл ақсақалдары ризашылығын білдіріп, ақ батасын беріп, аудан әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі