Халық базынасын білдірді

Сарыағаш ауданының әкімі М.Отаршиев Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиында аудан әкімі Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағыттарына, оны  жүзеге асыру жолдарына тоқталды. Содан соң соңғы уақытта ауданда атқарылған жұ-мыстарға тоқталды.

Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі көшеге асфальт төсеу, елді мекендерді ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету, электр жарығын тарту, мәдениет үйін салу, жер мәселесі туралы өтініштері мен ұсыныстарын ортаға салды.

         Өз кезегінде аудан басшысы тұрғындарға аудан аумағында инфрақұрылымды жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, биыл Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Өркен, Әжібеков, Ынтымақ, Абай көшелеріне асфальт төселіп жатқанын  жеткізді.

Жібек жолы ауылдық округі, Жаңатұрмыс елді мекенінің ауыл биі Орынхан Жүнісов ауылға ауыз су берілгеніне ризашылығын білдірді. Жаңа тұрмыс елді мекенінің тұрғындары бүгінге дейін ауыз суды тасымалдап ішіп келген еді, сосын құдық суын пайдаланатын. 

         Кездесуден кейін аудан басшысы ауылдық округ тұрғындарын жеке өтініштері бойынша да қабылдады. Қабылдауға келген ауыл тұрғындары жайылымдық жер, емхана, ағын су, жолаушыларды заңсыз тасымалдау мәселелері бойынша проблемаларды ортаға салды.

Аудан әкімі Мұхит Отаршиев  тұрғындарды қабылдау барысында ауылдық округ әкімі мен тиісті мекеме басшыларына өтінішті назарға алып, заңға сәйкес шешуді тапсырды.

Ntime.kz