Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен және Қазақстанның Әзірбайжандағы Елшілігінің қолдауымен Бакуде “Шымкент қаласының күндері” өтуде.
Биыл Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Айтулы датаға орай Әзірбайжан елінің астанасы Баку қаласында «Welcome to Kazakhstan» атты еліміздің өңірлерінің қатысуымен туристік-мәдени күндері өтуде.
Осы мақсатта бір аптаға жоспарланған “Шымкент қаласының күндері” аясында Оңтүстік өңірдің қонақжайлылығын, гастрономиялық тағамдарын, мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен таныту жоспарланған. Шымкент делегациясының құрамында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар қатысып, Шымкенттің туристік, инвестициялық мүмкіндіктерін келушілерге кеңінен таныстыруда.
Ерлан Ермекұлы өз сөзінде Қазақстан мен Әзірбайжанның тарихи-мәдени құндылықтарының ұқсастықтарын сөз етіп, өткен айда ұйымдастырылған Туристік ақпараттық орталықтардың I слетінде Әзірбайжан елі оң көзқарас танытып, белсенді қатысқанын айтып өтті.
Жалпы, келушілер тек қаланың туристік әлеуетін танып қана қоймай, “Сандық” ресторанының ұлттық тағамдарын, Майра Мұхамедқызының опералық әндерін және Бағжан Октябрьдің виолончельмен тартқан әуендерін тыңдап, “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығы ұсынған VR-көзілдірік арқылы виртуалды Шымкентке көз жүгіртті.
Айта кетерлігі, “Шымкент қаласының күндері” Әзірбайжанда апта соңына дейін жалғасады. Жоспар бойынша қаланың ерекше тұстарын көрсету арқылы Әзірбайжан тұрғындарын Шымкент қаласының туризмін дамытуға шақырып, жалпы туристер легін арттыру жоспарланған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі