Биыл аймақтағы 152 елді мекенде базалық станция іске қосылмақ

Цифрландыру  мәселесі түркістандық биліктің күн тәртібінен түскен емес. Мақсат тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру. Осыған орай  «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясының кезекті мәжілісінде елді мекендердің өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда, ұялы байланыс және интернет желісінің сапасы, оны зерделеу жұмыстарының қорытындысы жөнінде жалпы 4 мәселе талқыланды.

         Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Мәжіліске облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, фракция мүшелері, жауапты басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

         Мәжіліс барысында облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаев өз баяндамасында биыл аймақтағы 152 елді мекендегі мобильді интернет сапасын арттыру мақсатында базалық станция іске қосу жоспарымен бөлісті. Қазірдің өзінде 51 елді мекенге жаңа базалық станция іске қосылған. Қалған 101 ауылдағы интернет сапасын арттыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.Дегенмен, фракция мүшелері облыс аумағындағы, әсіресе қала сыртындағы интернет сапасы сын көтермейтінін білдіріп, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді ұсынды.

Айта кету керек, былтыр 82 ауылдық елді мекенді ауа арқылы радиомост технологиясымен қосқан болатын. Бүгінде осы 82 ауылдық елді-мекен тұрғындары, ол дегеніміз 6000-ға жуық жеке тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернет пайдалануда.
Жоспар бойынша тағы 150 мыңға жуық тұрғын сапалы интернетке қол жеткізеді.

Аталған жұмыстар «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша іске асырылды.

Ntime.kz