ҚР Президентінің Жолдауын насихаттау мақсатында AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері «Ұлағат» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесті. Шымкенттегі №137 жалпы орта мектепте өткен жиынға AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ж.Бектаева, AMANAT партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Е.Бертаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ш.Қозыбақов қатысты.
Басқосу барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы насихатталып, ондағы саяси және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары жайында сөз қозғалды.
— Мемлекет басшысы биыл жыл басынан бері Қазақстан халқына екі Жолдау арнады. Наурыз айындағы Жолдау негізінде саяси реформа жүзеге асырылып, референдум өтті. Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілді. Жаңа Қазақстан құру мақсатында күрделі шаруалар атқарылды. Ал, қыркүйек айындағы кезекті Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, еліміз үшін ең маңызды, әрі жауапты науқан кезектен тыс Прездент сайлауын өткізу жайы қозғалды. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауды тапсырды. Жуырда арнайы құжат қабылданған соң, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғайтын жаңа омбудсмен тағайындалады. Яғни бұл көптеген проблеманың жедел шешілуіне септігін тигізбек, — деді Ж.Бектаева.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ш.Қозыбақов кезектен тыс Президент сайлауының өтуі және Президенттің 7 жыл мерзімге сайлануы әлем саясаткерлерінің қолдауына ие болып отырғанын атап өтті. «Бұл елімізде демократиялық принциптің сақталып отырғанын көрсетеді. Биыл Президент сайлауы өтсе, келер жылы Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы өтпек», — деді ол.
Айта кетейік, «Ұлағат» бастауыш партия ұйымының №87, №137, №52, №51, №56 жалпы орта мектептердегі мүшелері жиын барысында еліміздегі саяси науқанға қатысты сауалдарын жолдап, өзара пікір алмасты.
Ntime.kz