Құқық бұзушылық — бұл қоғамға зиян келтіретін және заң бойынша жазаланатын қоғамға қарсы әрекет. Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау маңызды мәселелердің бірі. Оқу жылы барысында ұжымға және мектеп оқушыларына құқықтық білім беру мақсатында мектепте жалпыға бірдей құқықтық оқыту жүргізіледі. Соған орай құқықтық оқыту барысында Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер (заңдар) бойынша сабақтар, дөңгелек үстел және пікір талас өткізіледі. Жалпы, мұндағы мақсат жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оқушылардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейту мақсатында Түркістан қаласы прокуратурасының қызметкерлері қала аумағындағы әрбір мектепке жетекші-тәлімгер болып бекітілген.
Прокурорлар мектептердің әкімшілігімен тығыз байланыс орнатып, мектептердің тыныс-тіршілігімен, оқушылар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасының жай-күйімен танысуда, ювеналды полиция инспекторларымен бірлесе оқушылар мен ата-аналар арасында құқық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Қазан айында прокурорлардың қатысуымен барлық мектептерде ата-аналармен кездесулер өткізіліп, онда бала тәрбиесі, отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид және жыныстық қылмыстардың алдын алу мәселелері талқыланып, құқықтық кеңестер берілді.
Кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен немесе оларға қатысты орын алған кез-келген құқық бұзушылықтар туралы полицияның 102 нөміріне немесе қала прокуратурасының 8-702-845-54-24 сенім телефонына хабарлаңыздар.
Ntime.kz