Қазіргі цифрландырудың дамыған заманында үлкен мегаполистерде жол қозғалысын реттеуде бейнекамералардың көмегі орасан зор. Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.
Мәселен, сәуір айынан бастап «Сергек Қорғау — қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала — Шымкентте 175 460 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 69, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 5853, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 1430 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 302, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 1266, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 798, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 955 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 43, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 164744 хаттама толтырылып, 3905 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.
«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан бері 8076-дан астам жол қозғалысы ережесін бұзған 2350 жүргізуші ұсталды.
Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді.
Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.
Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!