Бүгінгі таңда тіршіліктің қайнаған заманында қоғамда алаяқтық жайттары көптеп кездесіп жатады. Алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Сондықтан да осы тұста халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру өте маңызды. Түркістан қалалық полиция басқармасына тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы «жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлерден үш бөлмелі пәтер алып беремін» — деп, 400 000 теңге ақшасын алып қайтармай қойған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Олар алаяқтық қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Бұл жайтқа қатысы бар күдікті жергілікті тұрғын әйел адам, жұмыссыз, болып шықты.
Тексеру кезінде күдікті бірнеше жыл өтіп кетсе де берген уәдесін орындамай, алаяқтық жасап жүргені анықталды. Ол жәбірленушілерден алған ақшаны, бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан қаласының полицейлері таныс және бейтаныс адамдарға ақшаға қатысты шешімдерді сақтық шараларын сақтай отырып қабылдауға кеңес береді. Сондай ақ күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға банк шот нөмірін бермеуді сұранады.
Сонымен қатар Түркістан ҚПБ-на арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығын жеткізді. Яғни танысы 2021 жылдың ақпан айында «оқу орнына грантқа түсіріп беремін» деп сеніміне кіріп, 1 500 000 теңгесін алған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық » бойынша тіркеді.
Түркістандық тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында іздестіру шараларын жүргізді. Қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде жұмыссыз әйел, Кентау қаласының тұрғынын анықтады.
Белгілі болғандай, сезікті әйел алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.
Сондықтан облыс полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады.