Шымкент қаласы Полиция департаменті мен «Ренессанс Шымкент» жеке меншік оңалту орталығы арасында қала аумағында нашақорлықтың алдын алу және есірткіге қарсы жұмыстарда өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар меморандум аясында алдағы уақытта өзара бірлесе отырып, қаладағы нашақорлық ахуалын талдап, оны тұрақтандыруды және алдын алу жұмыстарын жандандыруды көздеп отыр.
Орталықтың жетекшісі Рахат Абилов өз сөзінде: «Біз осы меморандумның қабылдануына қуаныштымыз және ынтымақтастығымыз өзінің нәтижесін береді деген сенімдеміз. Құқық қорғау органдарының уақытылы алдын алу жұмыстары көп адамның өмірін сақтап, қорғай алатынын түсінуі керек. Көпшілік болып есірткіге жол бермеуіне ат салысуымыз қажет», — деді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков: «Бүгінде қаламызда өскелең ұрпақ үшін нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмыстарда барлық мемлекеттік органдармен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың да рөлі ерекше екендігі сөзсіз. Осыған орай, осы мақсатта барлығымыз бірігіп жұмыс жасасақ, міндетті түрде нәтиже болады»,- деп қорытындылады.
Нашақорлықтын өсуі-бұл әлемдегі медициналық-әлеуметтік ең ауыр мәселердің бірі болып табылады.Қазақстанда есірткіні медициналық емес жолмен пайдалану күннен-күнге қауіпті бола түсуде. Нашақорлық арасында АИТВ таралуы қауіпті тек инъекциялық есірткіні стерильденбеген құралдармен қабылдауға ғана байланысты емес. Көптеген психоактивті заттар оны қалай қабылдағанына қарамастан, жасөспірімдерді есірткімен зақымдалу қауіпіне ұшыратады. Есірткі олардың мінез-құлқына әсер етіп, тәуекелге жиі барады. Мұның барлығы қатты аландатушылық туғызады.
Жастар спорт алаңында әркім өзінің таңдаған спорттық түрлерімен шұғылданатыны байқалады. Ендеше оларға ешқандай есірткінің қаупі жоқ. Жасөспірім, салауатты өмір салтын ұстан спортпен шұғылдан, сымбатты бол! Өз мемлекетіңді, нашақарлықтан сақта, өз ұлтының санын өсір. Дүниеге дені сау ұрпақ әкел! Арамызда дені сау, ұшқыр ойлы саналыда, сапалы жастарымыздың саны көбейіп, ғасыр дертімен бірге күресейік.