Жастар біздің болашағымыз. Жасөспірімдердің құқық бұзушылығын алдын алу бәріміздің міндетіміз. Осы орайда Түркістан қаласы аумағындағы мектептерге бекітілген прокуратура қызметкерлері қала әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелерімен бірге оқушыларға құқықтық тәрбие беру және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында кәмелетке толмағандар арасында орын алған құқық бұзушылықтар, әлеуметтік желілерде таралған мектеп оқушылары арасындағы төбелестер туралы бейнежазбалар мысал ретінде келтіріліп, заңмен белгіленген жауапкершілік, қылмыстық және әкімшілік жаза түрлері, жауапкершілікке тартылудың болашақ өмірлері үшін теріс салдарлары туралы айтылды.
Оқушыларға мектептің ішкі тәртібін ұстану, мектеп формасын кию, өз заттарына ие болып, бөтеннің затына қол сұқпау, мектеп қабырғасына бөтен заттарды, яғни өткір, үшкір, кескіш және электронды темекі заттарын алып келуге болмайтыны ескертілді.
Сонымен қатар, қауіпсіздік ережелерін сақтау, қараңғыда жалғыз жүрмеу, бөтен адамдармен сөйлеспеу, бейтаныс адамнан ешнарсе алмау, бөгде автокөлікке отырмау, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында немесе көшеде жүрмеу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен бірге, бірқатар мектеп оқушылары қалалық полиция басқармасының ғимаратында полиция жұмысымен таныстырылып, қамау орындары көрсетілді.