Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысы талқыға салынған брифингте Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ернар Бектаев айтты.
– Қазіргі таңда Түркістан облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8% құрайды. Есептік кезең бойынша 11 айдың қорытындысымен өңірімізде 29 723 жас жұмыспен қамтылды. Тұрақты жұмысқа – 10 785, жастар практикасы бойынша – 7 482, қоғамдық жұмысқа — 4 936, әлеуметтік жұмыс орын бойынша – 792, алғашқы жұмыс орнына – 677, «Ұрпақтар келісім шарты» бағыты аясында — 8, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында – 1 107, «Жасыл ел» бағдарламасына – 2000, студенттік құрылыс жасақтарына – 187 жас жұмысқа жолданса, 1 749 жасқа қайтарымсыз грант берілді, — деді орталық басшысының орынбасары.
Ернар Бектаевтың айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 13 770 жас кәсіпкерлік негіздері, enbek.kz платформасы негізінде 936 жас онлайн және жұмыс берушінің негізінде 194 жас қысқа мерзімді кәсіби оқытудан өткен. Оған қоса, биыл өңірде «Zhas Project» республикалық жобасы жүзеге асырылды. Жобаға 924 өтінім келіп түскен. Нәтижесінде, әлеуметтік салаға бағытталған жобаларды ұсынған 63 жас 1 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант иегері атанды.
Сондай-ақ, аудан, қалаларда жастар арасында өзекті мәселелердің алдын алу бойынша «ыстық нүктелерде» 1047 психо-профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, онда 47 639 жас қамтылды. Жеке мәселелері бойынша 1169 жасқа психологиялық көмек көрсетілді.
Брифинг барысында Ернар Нұралыұлы волонтерлардың қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, ерікті жастардың түрткі болумен атқарылған бірқатар қоғамдық жұмыстарға тоқталды.
– Жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттыру мақсатында волонтерлік жұмыстарға баса көңіл бөлінуде. Бүгінде облыста 76 волонтерлік ұйым жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында 10 000-нан астам белсенді жас бар. Волонтерлардың қоғамдағы орны ерекше. 2019 жылы Арыс қаласында жарылыс болған кезде ең бірінші көмек қолын созған — осы волонтер жастар. 2020 жылы Мақтааралдағы су тасқыны, 2021 жылы Қазығұрт ауданының сел тасқыны кезінде де еріктілердің еңбегі орасан болды. Биылғы қыркүйек айында Қостанай облысындағы орман өрті кезінде де өңір волонтерлары апатқа тап болған халықтың жанынан табылып, 100 тонна азық-түлік пен гуманитарлық көмек ұйымдастыруда үлгі бола білді, — деді спикер.
Сонымен қатар, өңір волонтерларының тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыларға демеушілердің қолдауымен керекті киім-кешектер таратып, көптің алғысын алып жүргенін де атап өткен жөн. Бұл орайда, биыл облыс бойынша 225 отбасы, 1127 бала киіммен қамтылды. Сондай-ақ, жыл сайын өтетін «Батырларға тағзым» акциясы барысында волонтерлар ардагерлердің үй шаруасына көмек көрсетіп, қолғабыс етеді.
Одан бөлек, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жаңа Қазақстан — табиғатты аялаудан бастайық», «Қоқыссыз табиғат» атты эко-акциялар ұйымдастырылып, оған 7000-нан астам волонтер атсалысты. Жыл басынан бері өңірде волонтерлар тарапынан жалпы 1 362 іс-шара ұйымдастырылып, оған 30 000-нан астам жас қатысты.
Айта кетейік, талантты жастарды қолдау және жастарды жан-жақты дамыту бағытында өңірде жалпы 5209 іс-шара өтіп, 222 813 жас қамтылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі