Бүгін Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев пен Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков, шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша брифингке қатысты.
Өздеріңізге белгілі, күні кеше ҚР ІІМ-нің өкілдері Үкімет бекіткен республика аумағына шетелден әкелінген көліктерді заңдастырудың ережелері, шарттары мен мерзімдерін толық түсіндіріп өткен еді. Сондықтан облыс тұрғындарына қосымша түсіндіру мақсатында бүгін облыс орталығында полиция басшылары журналистерге сұхбат берді.
Осы ретте бұл бір реттік акция 2023 жылдың 23 қаңтарынан (дүйсенбіде) бастап күшіне енетінін хабарлаймыз. Ал бұл туралы полиция полковнигі Б.Айтпаев: «Ережеде автокөліктерді заңдастыруға жататын нақты шарттар белгіленген. Бірінші шарт, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек, одан әрі іздеуде болмауы қажет, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы тиіс, кедендік тазартудан өту керек. Ал кедендік тазартудан Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерден әкелінген көліктер өтпейді»-деп атап өтті.
Аталмыш акция 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін өткізіледі. Алғашқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің жасына және экологиялық классына талаптар қойылмайды. Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы Автоцонға барып беруге болады. Тіркеу үшін көлік иесінен өтініш, өтініш берушінің жеке куәлігі, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлігі, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат қажет. Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік АвтоЦонның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін кіргізіледі.
Салыстыруды полиция органдарының криминалистері жүргізеді. Мұнда Әкімшілік полиция қызметкерлері де құқықтық кеңес беріп, халыққа қызмет етеді. Тексеруден өткеннен кейін 2 күн ішінде көлікті заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады.
Тексеруден сәтті өткен жағдайда ұялы телефонға оң нәтиже туралы қысқа хабарлама жіберіледі.
Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы А.Тастанбековтің айтуынша:«Көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін – 4 313 теңге және мемлекеттік нөмір үшін – 9 660 теңге мемлекеттік төлемдерді төлейді. Содан кейін құжаттардың түпнұсқаларын АвтоЦон қызметкеріне тапсырады. Тіркеу аяқталғаннан кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірлері беріледі. Ал Түркістан облысы бойынша АвтоЦон Түркістан қаласы, Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам және Сарыағаш аудандарында бар. Осы жерлерге келіп, шетелдік көлігіңізді заңдастыруға толық мүмкіндігіңіз бар»-деп қорытындылады.