Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен денсаулық сақтау басқармасы аталған саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жиын өткізді.
Шараға Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі С.Мәжінбеков, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов және 40-қа жуық медициналық мекемелердің бас дәрігерлері қатысты.
Онлайн режимде өткен шараны Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев ашып, бүгінгі шараның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру екендігін атап өтті.
«Жемқорлық фактілері бойынша Агенттіктің тәулік бойы жұмыс жасайтын 1424 Call-орталығына хабарласып, азаматтық белсенділіктерін танытып отырған азаматтар қатары артуда. Бүгінгі кездесуіміз алғашқысы емес, тағы да Call-орталықтан түскен шағым бойынша жиналып отырмыз» — деді Талғар Серікбаев.
Бұл мәселені жан-жақты көтерген Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жүйелі шаралар қабылдануы қажет екендігін айтты.
Сонымен қатар, шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің жұмысы, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер мен Агенттікке берілген қосымша өкілеттіктер хабарланды.
Штаб жетекшісі Сәкен Мәжінбеков науқас адамға медицина қызметкерлерінен ең алғашқы көрсетілетін көмек – ол жылы қарсы алып, көңіл бөлуі екендігін айтып, адал еңбек етуге шақырды.
Аталған отырысқа денсаулық сақтау мекемелеріне қатысты шағымданушы қала тұрғыны да қатыстырылып, өзінің мәселесін жеткізді.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов алдағы уақытта да осы тұрғыдағы шағымдардың көбеймеуі үшін денсаулық сақтау саласы өкілдерімен қатаң жауапкершілікті қарастыра отырып, түсіндірме жұмыстары жүргізілетіндігінен хабардар етті.