Бүгін Шымкент қалалық «Опера және балет театрында» «Домалақ ана» операсының кезекті көрсетілімі болды. Мереке қарсаңындағы қойылымға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, аналарымызды көктем мерекесімен құттықтады.
– Көктем жаңару мен өсіп-өнудің, әсемдік пен әдеміліктің, жылулық пен шаттықтың жаршысы. Ал өмірдің әрін де, нәрін де кіргізетін, тіршілікке мән сыйлайтын абзал жандар, бұл – әйелдер қауымы. Мерекенің бастауы да, шаңырақтың шаттығы да, мейірімнің ұясы да, әсемдіктің қайнар көзі де – Сіздер. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз рас. Қазақ қыздарының тарихта қалдырған ізі аз емес. Міне, осындай ардақты аруларымыздың даңқты жолын Сіздер абыроймен жалғап келесіздер, – деді құттықтау сөзінде Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шымкентте «Домалақ ана» операсы бренд болып қалыптасты,- деп атап өтті театр басшысы Майра Мұхамедқызы.
–Бүгінге дейін тарихи қойылым 46 рет сахналанды. Бұл операмен театрымыз мақтана алады. Шымкенттің мәдениет саласының шоқтығы бұдан да биікке көтеріледі деп сенеміз. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен Шымкентте арнайы опера театры салынады деп жоспарланып отыр, – дейді Майра Мұхамедқызы.
Театрға келген көрерменнің қуанышы ерекше. Көктем мен аналар мерекесіне орайы келген қойылымға ақ жаулықты аналарымыз көптеп келіпті.
– Театр ұжымына алғыс айтамыз. Қазақ халқынның өзіне тән қасиетті ана бейнесі «Домалақ ана» операсында өте терең бейнеленген. Бәйдібек бабамыз бен Домалақ анамызды келешек жастарға үлгі, өнеге ретінде насихаттауымыз керек, – дейді қала тұрғыны Сапаркүл Серікбаева.
Қойылымда қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз ананың қасиетті бейнесі тереңдікпен жеткізілген. Жас қыз Нуриланың ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және аналық мейрімге толы ғұмыры арқылы ана махаббаты суреттелген.
«Шымкент келбеті»