Бүгін Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында «Әділетті Қазақстан — Адал азамат» атты тақырыпта сөз сөйлеген Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дамуы жолында құнды ойларын ортаға салды.
«Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек… . Негізгі мақсат – табысты болып көріну емес, шын мәнінде табысты мемлекет болу. Бұл мызғымас қағида болуға тиіс», — деді Президент.
Президентіміз Ұлттық Құрылтай — халқымыздың мақсатын ұйыстыратын бірегей құрылым екендігі, ол арқылы ұлт тағдыры сынға түскенде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындағаны, қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлерге көш тізгінін ұстатқандығы, бір ел және бір халық болып сыртқы қатерге қарсы тұрғандығы, қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара беретіндігі жайлы айтты.
Сондай-ақ еліміздің дамуына кедергі келтіретін нәрсенің барлығынан арылып, қоғамымызды нығайта түсу үшін алға қойған мақсатымызды,яғни саяси-экономикалық реформалар мен қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістерді қатар іске асырумыз қажеттігін ерекше атап өтті және бұл — өте маңызды міндет екендігін,сондықтан біз алға үздіксіз қадам басумыз керектігін жеткізді.
Президент өз сөзінде еңбекқорлық, іскерлік сияқты, сондай-ақ жалпыадамзаттық және үлттық құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы біздер жастар мен өскелең ұрпаққа дәріптеуіміз керектігіне,ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететін шараларды кешенді түрде жүргізумен қатар оқу-ағарту ісін жаңғырту қажеттігіне көңіл бөлді.
Мемлекет басшысы азаматтардың өз ісіне деген жауапкершілігін арттыру, отбасылық зорлық-зомбылықтармен кұрес,олардың алдын алу және болдырмау мақсатындағы жұмыстарды нығайту, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полиция жұмысының белсенділігі мен тиімділігін арттыру аясында есіріткіге қарсы күрес жұмысын күшейту мәселері жайлы кеңінен тоқталып, өзінің ескертпелерін айтты.
Президент еліміздегі идеология жұмысындағы басты бағыттардың бірі — кітап басып шығару екендігі, бұл бағытта орын алып отырған кемшіліктер мен олқылықтардың аз емес екендігі, оларды жоя отырып, тез арада ұлттық мүддеге сай бағыттағы кітаптарды көбірек шығару, «Балалар кітапханасы» атты бағдарламаны жүзеге асыру, отандық кино өнерін дамыту мен кинотеатрлардың жұмысын дұрыс жолға қою мәселелеріне назар аударды.
Қорыта келгенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды – Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы