Кенесары ханның құран кітабы Ясауи кесенесіне қойылады

Бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі, рухани астанасы саналатын Түркістанда рухани құндылықтарымызды дәріптеу мен дамытудың бағыт-бағдарлары айқындалуы заңды деп санаймын.

Қазақтың қасиетті топырағында өткен Ұлттық құрылтайда оның мүшелері қазіргі авторлардың әдеби шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды ілгерілету, отандық әдебиет пен киноны дамыту мәселелерін қозғап, талантты жастарды қолдау, креативті индустрияны дамыту тақырыптарын көтерді.

Әсіресе, ауылдық жерлерде кітапханалардың, мұражайлардың, мәдени орталықтардың жұмыс істеуіне көңіл бөлу мәселесіне мән берді, жас ұрпақты тәрбиелеуде олардың бойында салауатты өмір салтын, еңбекқорлықты, білімге ұмтылысты, патриотизм құндылықтарын қалыптастыру қаралды.

Құрылтайда белгілі болғандай, елімізде әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғаны айтылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұны еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға екенін атап өтті.

«Жиынның соңында елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді.

«Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайды. Оны қастерлеп, мұражайға немесе басқа да арнайы орындарға қояды. Біз де бабалардан мирас болған әрбір жәдігерді қадірлеп, сақтай білуіміз керек. Осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына табыс етеміз. Өйткені, бұл – бүкіл елге ортақ қазына», деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал екендігін атап өтті.

«Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», деп сөзін қорытындылады ел Президенті.

Талқылау қорытындысы бойынша Құрылтайда айтылған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Демек, екінші құрылтайда қабылданған шешімдердің рухани құндылықтарымызды өркендетуге қосар үлесі мол болмақ.

Қайрат Зайнишев,

Журналист