Бүгін аудан әкімі А.Сәбитов тұрғындарды қабылдап, жеке мәселелерін тыңдады. Қабылдау барысында бірнеше салаға қатысты талап-өтініштер айтылды. Ұсыныс-пікірлердің барлығы бақылауға алынып, олардың шешу жолдары түсіндірілді.
Алдымен еңбек ардагері Ақбұлақ ауылында жергілікті кәсіпкерлердің демеуімен және тұрғындардың асар жолымен мешіт салынып, мазарат орындарында және орталық аумақтарына ағаш көшеттерінің отырғызылғаны секілді игі істерді атады. Ендігі кезекте осы ағаштарды суару, айналаның санитарлық тазалығын сақтау, мектептің айналасын көгалдандыру, жалпы алғанда, халықтың жағдайын жасау бағытында ауылдық округінің әкімі тарапынан қамқорлық жасалмай, өз деңгейінде жұмыстардың атқарылмайтынына уәжін жеткізді.
Аталған ауылдың зейнеткері отбасылық жағдайы мен денсаулығын ескере отырып, тұрғын үйінің алдын ретке келтіру және әлеуметтік көмек беруді сұранды.
Осы ауылдың белсенділері 0,80 соттық жер учаскесін жекеменшіктен қайтарып, аумағына спорт ғимаратын салуды көтерді.
Екінші кезекте болған қайнарбұлақтық тұрғын Қасымбек Датқа ауылында орналасқан №15 В коммуналдық меншіктегі тұрғын үйін жөндеуден өткізуді өтінді.
Қарасулық азамат Әйтеке би ауылындағы 76 гектар құрайтын жаңақұрылыс аумағын инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтамасыз етудің, сонымен қатар жүргізілген құрылыс сапасы талапқа сай болуын, сондай-ақ құрылыс нысандарын уақтылы қабылдаудың қажеттілігін назарға салды.
Ақсукенттік тұрғын Сұраншы батыр көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жөндеуге қаржылық қолдау көрсетудің, маңайындағы қоқыс орындарына жер үйлерден белгісіз адамдардың қоқыстарды тастауын тоқтатудың керектігін сөз етті.
Келесі кезекте аудан орталығында саудамен айналысатын жергілікті және қалалық кәсіпкерлер өз өтініштерінде Абылай хан көшесінің бойында қызыл сызыққа түсіп, рұқсатсыз өз бетінше заңсыз салынған коммерциялық дүңгіршектерінің бұзылуына қарсылықтарын білдірді. Егерде, заң талаптарына сәйкес, нысандары бұзылған жағдайда орталықтан жер қарастыру немесе жеңіл конструкциялы дүңгіршекті салуға рұқсат беруді талап етті.
Соңғы кезекте болған көп балалы ананың сөзінше, Ақсукент ауылындағы Чернышевский көшесіндегі №1 тұрғын үйде алты жылға жуық отбасымен тұрып жатыр. Тұрақты баспанасы жоқ, тұрғын үй кезегіне тіркелген. Кезінде аудан әкімдігінен тұрғын үй көмегін сұрап келгенінде, бір бөлмелі пәтер уақытша берілген болатын. Соңғы жылдары аудандық тұрғын үй-
коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тұрғынның мемлекеттiк қызметшiлер және бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi санаттарына жатпайтындығына байланысты қызметтік пәтерді ерікті түрде босату туралы хабарламаларын жолдаған, сонымен қатар сот орындарына еріксіз босату жөнінде талап арыз жазған. Тұрғын үйге мұқтаж жан тұратын үйінен 3 бөлмелі пәтермен, ал алдағы уақытта тұрақты баспанамен қамту туралы өтінішін қанағаттандыруды сұранды.
Аудан әкімі жауапты басшылар мен тиісті ауылдық округтерінің әкімдеріне әр азаматтың мәселесін жіті талдап, қысқа мерзімде заң аясында шешуді тапсырды.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі