Бүгін аудан әкімі Арман Сәбитов Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Басқосуда ауылдағы шешімін таппай келе жатқан ауыз су, оқушыларға ыстық тамақ, интернет желісі секілді өзекті мәселелер көтерілді.
Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде тұрғындар бірқатар мәселелерді аудан басшысының назарына жеткізді. Атап айтар болсақ, ауылда екі аптаның көлемінде ауыз су тапшылығы байқалған. Жиында ауыл биі Керімхан Омаров Машат елді мекеніндегі ауыз су құбырына заңсыз қосылған нүктелердің бар екендігін айтты. Салдарынан Жібек жолы мен Сиқым елді мекендері сапалы ауыз суға жарымай отыр. Негізінде бюджеттен су құбыры желісін күрделі жөндеуге 100 млн. теңге бөлінген. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес орындалуда. Дегенмен, мәселе әлі де шешімін таппай отыр. Осы ретте аудан әкімі Арман Сәбитов халықты таза ауыз сумен қамту бойынша ауданда ілкімді істер атқарылатынын түсіндірді.
— Ауыз су мәселесін зерделеуге арнайы комиссия құрылатын болады. Осы комиссияның құрамына Керімхан Омаров сынды ауыл белсенділері мен тиісті сала мамандары енгізіледі. Енді бұл мәселе қатаң бақылауда екенін ескертемін. Су жүйесіне заңсыз қосылғандарды бір аптаның көлемінде жауапты мамандарымен аралайтын боламыз. Егер жүргізілген жұмыстардың нәтижесі болмаған жағдайда «Сайрам тазалық» мекемесінің басшысына тиісті шара қолданатын болады. Жалпы менің аудан әкімі болып тағайындалғаныма екі ай енді болмақ. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жеткілікті. Осында айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен ЖСҚ жасалып жұмыс атқарылады.
Сонымен қатар, елді мекендегі Бөкейхан атындағы ЖОМ қосымша 300 орындық ғимарат салу мәселесі айтылды. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Г.Тынымбаева «2022 жылы 1,3 миллиард теңгенің ЖСҚ жасалып, сараптамадан өткен. Бүгінде облыстық басқарма тарапынан 2022-2025 жылдарға қаржы бөлу үшін облыстық бюджетке енгізуге ұсыныс берілгені белгілі болды».
«Сайрам Тазалық» ЖШС-і мекемесінің директоры Қ.Бегалиев тұрғындардың сауалдарына жауап қатты. Жалпы Сиқым елді мекеніндегі 20 тн су мұнарасына қосымша 50 тн су мұнарасы орнату жоспарланған. Сондай-ақ, осы ауылында су көздерін анықтауға ауыл әкімшілігі тарапынан облыстық құзырлы басқармаға ұсыныс беріліп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
Жиын соңында осы және өзге де мәселелер бойынша айтылған өтініштер мен ұсыныстардың жүзеге асырылуын айтып, қойылған қосымша сұрақтарға жауап берген аудан басшысы тұрғындардың мәселелерінің ешбірі аяқсыз қалмайтынын жеткізді.