Кітап оқымай білім алу мүмкін емес шығар. Қазіргі уақытта интернет дамыған заманда жастар кітап оудан қалды деп жатады. Бірақ жастар арсында кітапқа деген қызығушылық артып келеді. Кітап сататын дүкендердің қызметкерлері балалардың кітап оқуға деген ынтасының өсіп жатқанын айтады. Қоғам арасында кітап жазу да белсенді дамып келе жатыр.
Шымкент қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Кітап Time – 2023» республикалық кітап фестивалі өтуде. Іс-шара аясында бүгін А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана алаңында кітап көрме-жәрмеңкесі, кітап сыйлау акциясы, жазушы З.Жантасованың «Мейірім мұнарасы» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері мен қызметкерлері, кітапхана оқырмандары қатысты. Жазушы Момбек Әбдәкімұлы, жазушы-журналист Захардин Қыстаубайұлы жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы артқанын атап өтті.
– Бұл кітап фестивалі осыдан 5-6 жыл бұрын басталған еді. Содан кейін біраз үзіліп қалды. Биыл міне, қайта жалғасын тауып отыр. Мен осы кітапханаға жиі келемін. Кітап оқитын жастар көп. Жастардың арасында 2-3 іс-шара ұйымдастырылып, әдебиет мәселелері, жаңа кітапт талқыланып жатады. Өңірімізден шыққан қаламгерлердің шығармаларын насихаттау, кітап оқуға қызықтыруды мақсат еткен іс-шара жалғасын таба берсін, – деді жазушы Момбек Әбдәкімұлы.
Сонымен бірге, жазушы кітапханаға Шымкент қаласының энциклопедиясы, Шымкент қаласының тарихы, тағы басқа жаңа кітаптарын сыйға тартты.
Сондай-ақ, фестиваль аясында жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Зылиха Жантасованың «Мейірім мұнарасы» кітабының тұсауы кесілді. Зылиха Тұрарқызы 50 жылдық мерейтойы қарсаңында төртінші кітабын оқырманға ұсынды.
Тұсаукесер жиынды ҚР мәдениет қайраткері Күлия Айдарбекова жүргізіп отырды. Күлия Смайылханқызы қаламгердің ғалымдығымен қатар, көркем әдеби шығармалар жазып жүргенін, ізденімпаздығына жан-жақты тоқталып өтті.
Жазушы Момбек Әбдәкімұлы, жазушы-журналист Захардин Қыстаубайұлы да З.Жантасованың қаламгерлік қырларына тоқталып, ізгі тілектерін жеткізді.