Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жариялаған Жолдауында су мәселесі бірнеше рет көтереліп, су сапасы мен қолжетімділігі баса айтылды. Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғандығын, жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екендігін атап өтті.
Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі екендігін атап өтті.
Ия, ХХІ ғасырдың ең өзекті проблемасы – су. Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі.
Сондай-ақ, Жолдауда Мемлекет басшысы, салық мөлшерін саралау, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы жаңаша бағытта дамыту мен ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Жолдауда еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалғандығын, бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттыруды баса айтты.
Нұржан Жамалбеков, Түркістан облыстық мәслихат депутаты