Бұл туралы Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев брифинг кезінде мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысының патрульдік полиция батальон қызметкерлерінің планшеттеріне «Қорғау-қауіпті жүргізуші» мобильдік бағдарламасы арқылы төленбеген айыппұлдары бар «Фольксваген Пассат» маркалы автокөлік туралы ақпарат берілді.
Тәртіп сақшылары ақпарат бойынша бірден іске кірісіп, аталмыш көліктің жүрген жерін анықтап, «Шымкент-Самара» тас жолында тоқтатты. Тексеру кезінде бұл автокөліктің сот орындаушысының қаулысына сәйкес жалпы сомасы 6,6 миллион теңге төленбеген айыппұлдар бойынша берешегі бары анықталды. Яғни жүргізушінің әкімшілік айыппұлдарының 80 пайызы жылдамдық режимін бұзумен байланысты.
Тәртіп сақшылары «Фольксваген Пассат» автокөлігін айыптұраққа қойып, жүргізушімен берешекті уақтылы төлеу қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өз кезегінде полиция полковнигі Б.Айтпаев: «Түркістан облысының полицейлері көлік құралдарының жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және салынған әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеуге шақырады»-деп атап өтті.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі