Халықтық дәстүрлі өнер — бұл біздің мәдени мұрамыз. Ұлттық өнер арқылы өскелең ұрпақтың бойына қазақтың дәстүрі мен тұрмысын, адамдық мінезін сіңдіре аламыз.
Ата-бабадан мирас болған ұлттық болмыс пен ұлттық өнерді ұмыт қалдырмаудың бір жолы – оны жастарға үйрету.
Дәстүрлi ұлттық өнер мақсаты — еліміздің төл өнері мен мәдениетін дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару және дәстүрлі өнердің түрлi салаларын жан-жақты жандандыру.
Шымкентте «Түркістан сарайында» Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала әуендері» дәстүрлі ән орындаушылар және «Ұлы дала шежіресі» термешілердің республикалық байқауы өтті. Республикалық деңгейдегі өнер сайысына еліміздің барлық аймағынан, жалпы 40 өнерпаз қатысты.
Іс-шараның мақсаты – халық арасында жалпы ұлттық дәстүрлі өнерімізді насихаттай отырып, оңтүстік өңірінің дәстүрлі әндеріне ерекше көңіл бөлу, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру.
Дәстүрлі ән орындаушылар және термешілердің байқауына 17-35 жас аралығындағы өнерпаздар қатысып, бақ сынады. Үміткерлер орындау шеберлігі, образ байлығы, сахна мәдениеті, киім үлгісі сияқты бірнеше критерий бойынша бағаланды.
Сонымен, дәстүрлі ән орындаушылар Бас жүлде, 1,2,3-орындармен қатар, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, терме сайысының жеңімпаздары да бас жүлде, 1,2,3-орындармен қатар Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Қайыпназар Әйтпенов, Камал Ендібаев атындағы номинацияларына ие болды.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеңімпаздарды құттықтап, бүгін дәстүрлі өнеріміз төрге озғанын, өңіріміздің байырғы қоңыр саздары қайта жаңғырғанын атап өтті.
Қазылар алқасының құрамында белгілі өнерпаздар Мейрамбек Беспаев, Жанар Айжанова, Кенжебай шал, ақын Қалқаман Сарин және тағы басқалар әділ бағасын беріп, үздіктерді анықтады.