Бүгін қалалық психикалық денсаулық орталығында Ашық есік күні өтті. Шара аясында тұрғындарға нарколог, психолог мамандары кеңес беріп, медициналық көмек көрсетті. Ашық есік күнінде 48-пациент дәрігердің қабылдауында болып, ақ халаттыларға алғыстарын білдірді.
Бұл іс-шараның өзге қабылдаулардан ерекшелігі – еркін форматы. Кеңеске келген адамдар тіркеуге тұрмай-ақ, мамандардың көмегіне жүгіне алады. Халыққа психиатриялық, психологиялық және психотерапиялық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.
Шымкенттені психикалық денсаулық орталығында есепте тұратын науқастар саны 12057. Мұнда жоғары білікті дәрігерлер нашақорлық пен алкогольге тәуелді адамдардың түзу жолға түсуіне көмек қолын созады. Орталықта жалпы наркологиялық,психиатриялық, аутизмге шалдыққан балаларды емдеу, оңалту және жасырын емдеу бөлімшесі бар. Мамандар туабітті аурулардан басқасының бәрі жазылатынына сенімді. Медициналық ұйымның бас дәрігері Серік Мыңбаев мұндай науқастардың сауығып кетуіне зор мүмкіндік бар дейді. Тек қазақшылыққа бармай, уақтылы дұрыс диагноз қойып, емдік шараларын үзбей қабылдау қажеттігін айтады.
“Психикалық аурудың алғашқы сатысында ешкім бірден маманның қызметіне жүгінбейді. Шарықтау шегіне жеткенде ғана біздің орталыққа алып келеді. Оған дейін атынан үркіп, өз бетінше қазақы емдерді қолданады. Бүгінгі іс-шара арқылы халықта қалыптасқан ойдан арылтуға, дер кезінде мамандардың кеңесіне жүгіну қажет екенін жеткізуді көздеп отырмыз. Аурудың алғашқы сатысында келсе, сауығып кетуіне мүмкіндік зор. Сондықтан ауруды емделуден қорықпай, емдеуге келіңіздер”-дейді психикалық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев.
Тағы айта кетерлігі, қаладағы психикалық денсаулық орталығының мамандары 2024 жылдан бастап құмар ойындарға тәуелділігі бар азаматтарға көмек көрсетпек. Бұл үшін медициналық ұйымда лудомания бөлімшесі ашылады.