Шымкент қаласы Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде сабақ жоспарларынан тыс іс-шаралар, байқаулар, ашық есік күндері және танымал тұлғалармен кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрады. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта өнерлі балаларымызды шабыттандырып қана қоймай, оларға қолдау көрсету мақсатында көптеген септігін тигізеді. Осы орайда Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің төрінде тарихшы, баспагер, шежіреші әрі қаламгер Бәкіртай Батырұлының 60 жылдық мерейтойына орай кездесу кеші өтті. Қарымды қаламгермен кездесу барысында түрлі тақырыпта жарық көрген кітаптары таныстырылып, әрбір еңбектің шығу тарихын сөз етті. Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Тәжиева Жанат Арысбекқызы осы кешке арнайы келіп, қаламгерге жылы лебіздерін білдіріп, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың арнайы алғыс хатын табыстады. Ал Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің басшысы Біржан Ғаниұлы дәстүр бойынша Бәкір ағамыздың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Кездесуде филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым, «Мұхтартанушы» Ақжол Қалшабек, Әдебиеттанушы, ақын, ұстаз, аудармашы Абай Қалшабек және Абайтанушы жас ғалым Әзімхан Исабек секілді белгілі тұлғалар сөз алып, Бәкір ағамыздың еңбектеріне жоғары баға берді.
Бәкіртай Батырұлы — сөз өнеріне деген құштарлығы мен әдебиетке әуестігі қаламгерлікке жетелеп, тарихи-өлкетанушылық, тұлғатанушылық мазмұндағы зерттеу еңбектері мен естелік жинақтарын жарыққа шығарған. Атап айтқанда, «Еңбекші елім», «Төлеш ақын», «Құтты мекен Қызылдала», «Ұмра иірімдері», «Даналық термесі» секілді туындыларымен танымал. Ал «Жылдар сыры» атты биыл ғана жарық көрген еңбегі автордың әдеби ғұмырнамасындағы ең шоқтығы биік шығармаларының бірі.