Шымкент қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация институын дамыту бойынша семинар-тренинг өтіп жатыр. Семинар-тренингті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отыр. Іс-шараға қаламыздағы этномәдени бірлестіктерің өкілдері, қалалық Қоғамдық келісім мекемесінің сарапшылары мен мамандары қатысып, этносаралық қақтығысты болдырмау, туындаған жағдайда бейбіт жолмен шешудің тетіктерін үйренуде.
Спикер ретінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ бас сарапшысы Талшын Италиева, кәсіби медиатор, «Парасат» медиация және құқық орталығының тренері Мұхтар Адаев, психолог-шиленістанушы Резеда Баймухаметова қатысып, даудың алдын алу саясаты жөнінде дәріс оқиды.
–Елімізде түрлі ұлттар бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып өмір сүріп келеді. Бүгінгі тренинг арқылы біз Шымкентті мекен еткен этнос өкілдері арасында шиеленіс болдырмау үшін алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір елімізде этносаралық дау жоқ деп айта аламыз. Ондай мәселе туындағанның өзінде Достық үйі жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі секілді бірлестіктер арқылы шешілуде. Біздің мақсатымыз – оларға құқықтық сабақ беру, дауласу болған жағдайда оны бейбіт жолмен, яғни медиация арқылы татуластыру дағдыларын қалыптастыру, — дейді сарапшы Талшын Италиева.
Таңертең басталған тренинг кешкі сағат 17:00-ге дейін жалғасады. Психолог Резада Баймухаметовтың айтуынша, медиацияны жүзеге асыру үшін ең алдымен дауласқан екі тарапты тұлға ретінде танып, оның жеке мінезі мен мақсатын үйрену керек екен.
Тренингке этносаралық медиацияны жүргізу ерекшеліктері, медиациядағы зерттеу кезеңі, тұлға психодиагностикасы, этносаралық қатынастардағы қақтығыстарды реттеу әдістері мен тәсілдері, этносаралық қақтығыстарды талдау тақырыптары қаралып жатыр. Іс-шара соңында қатысушыларға сертификат табысталады.
Айта кетсек, жыл соңына дейін дәл осындай семинар-тренинг Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарында өтеді.